ЭТНООРТАЛЫҚ: ГРЕКТЕР — 20, ӨЗБЕКТЕР — 10 ЖАСТА

Биыл облыстағы «Эллада» грек ұлттық-мәдени орталығы өзінің жиырма жылдығын тойласа, ал осыдан он жыл бұрын құрылған «Сагдиана» өзбек этноорталығының мерейтойы Ассамблеяның 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінде Ақтөбедегі 19 ұлттық-мәдени орталықтың басын бір шаңырақ астында тоғыстырып, ұлттар мен ұлыстардың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға барынша жағдай жасап отырған облыстық Достық үйі ұжымының еңбегі ерекше. Қазақстан халқы Ассамблеясының жиырма жылдығын жергілікті жерде лайықты атап өту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар және өзге де мәселелер жөнінде Достық үйі директоры Роза Беркешевамен әңгімелескен едік. 

 

— Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХ сессиясында ел халқының алдына бірнеше міндет қойды. Соның бірі — аймақтардағы Достық үйлерін елімізде тұратын этникалық топтардың тек өз мәдениеті мен дәстүрін, тілі мен тарихын үйрететін орталық ретінде ғана емес, азаматтық бастамаларды іске асырудың негізгі тетігі ретінде қарастыруды әрі Достық үйлері бір орында тұрып қалмай, дамудың жаңа деңгейіне көтерілуі тиіс дегенді баса айтқан еді. Президенттің осы тапсырмасы аймақта қаншалықты деңгейде жүзеге асырылып жатыр?

— Елімізді татулық пен бейбітшілікке бөлеген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биыл — жиырма жыл. Осы уақыт аралығында, яғни ел тәуелсіздігінің ең жауапты кезеңінде бірлігіміздің бастауы бола білген Ассамблея өзінің өміршеңдігін көрсетіп, бейбіт қоғамымыздың ажырамас бөлігіне айналды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың айтуынша, елдіктің өлшемі, тұрақтылықтың тұтқасы бола алды. Кезінде тағдырдың жазуымен қазақ жеріне сан түрлі ұлт өкілдері қоныс тепті. Бүгінде Ақтөбе өңірінде 90-ға тарта ұлттар мен ұлыстардың өкілдері тіршілік етіп жатыр. Олардың тегі басқа болғанмен, теңдігі бір, қаны бөлек болғанмен, жаны бір, арманы ортақ біртұтас халыққа айналды.

Осыдан жиырма жыл бұрын Қазақстан халқы Ассамблеясының облыстық филиалы ашылып, аймақтағы ұлттар мен ұлыстардың өкілдері өз ана тілін, салт-дәстүрі мен тарихын зерттеп, ұлттық мәдени шараларын өткізуге мүмкіндік алды. Ал бұл істі одан әрі жетілдіру мақсатында 2007 жылы сол кездегі облыстық мәдениет басқармасы жанынан Достық үйі ұйымдастырылған еді. Облыстағы этномәдени орталықтардың өз алдына дербес ғимараты болмағандықтан, олар ұйымдастырған шараларын  кезкелген жерлерде өткізуге мәжбүр болды.

2009 жылдың  қыркүйегінде Ақтөбеде Достық үйі ғимараты  салтанатты түрде ашылып, бұл рәсімге Елбасының өзі қатысты. Президент салтанатты шарада: «Біздің Қазақстан — көпұлтты ел. Әр ұлтқа өз мәдениетін, тарихын ұмытпауға, жаңғыртуға мүмкіндік берілген. Балаларға да өз ана тілін үйренуге жағдай бар. Оған дәлел — осы Достық үйі. Мен үшін ең керемет концерт — Ассамблеяның концерті. Әр ұлттың өз мәдениетін көрсеткен сәті де өте әдемі. Сан ұлт өз тілінде ән шырқап, өз билерін билеген шақ бір әдемі гүл шоғыры іспеттес. Өмірдің гүл шоғыры!» — деген еді. Міне, содан бері аймақтағы 19 ұлттық-мәдени орталықтың өкілдері ұйымдастырған әрбір шара осы Достық үйінің кең залында жоғары деңгейде ұйымдастырылып, көрерменнің көңілінен шығып жүр.

Бүгінде Достық үйінің, оның ішінде  этноорталықтардың жұмысын жетілдіру мақсатында жүйелі түрде жұмыстар жасалып жатыр. Қазір бұрынғыдай емес, әрбір орталық ұйымдастыратын шаралар өз айналасын қамтып қана қоймай, еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылған мәртебелі меймандардың қатысуымен өтіп жатады. Этномәдени қоғамдық бірлестіктердің басшылары тарихи отандарының Қазақстандағы елшіліктерімен үнемі тығыз байланыста жұмыс жасайды. Облысқа жасаған сапары кезінде Польша Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Павел Чеплак ұжыммен және поляктардың «Святло» этномәдени орталық мүшелерімен кездесуінде екі мемлекет арасындағы қарым-қатынастың беріктігін атаған еді. Сол сапарында елшілік өкілі Ұлы Отан соғысы жылдарында елімізге жер аударылған поляктардың жерленген орындарын  іздеуге, сондай-ақ жергілікті мұражайлармен жұмыс істеуге көмектесуге өтініш білдірген болатын.  Бұл өтініштің орындалуына жергілікті билік тарапынан қолдау болды.

Қазір ұлттар мен ұлыстардың қатысуымен халықаралық деңгейде ұйымдастырылатын шаралар да өз кезегінде жоғары бағаланып жүр.

— Достық үйі ұжымының аудандармен байланысы қандай?

— Қазір Ақтөбе қаласынан бөлек аудандар арасында Мәртөкте ғана Достық үйі бар. Соңғы жылдары ұлттық мәдени-орталық мүшелері аудандарды аралап, жергілікті тұрғындарға өз өнерлерін паш етіп жүр. Достық үйі өнерпаздарының Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың туған жері — Әлия ауылына барып, салтанатты мерекелік концерт ұйымдастыруы жыл сайынғы дәстүрге айналды. Сол сияқты, кәріс этномәдени қоғамдық бірлестігінің шығармашылық ұжымы Әйтеке би ауданының Бөгетсай ауылы жұртшылығына мереке сыйлап, ұлттық құндылықтарды ұлықтау мақсатында көрме ұйымдастырды. Мұндай шаралар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Жыл сайын Астана қаласында өткізілетін Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы осындай мақсаттағы жұмыстардың дамуын ынталандырады.

— Сіз басшылық етіп отырған ұжым  Ассамблеяның жиырма жылдығын облыста лайықты атап өту үшін қаншалықты күш салады?

— Биыл 6 ақпан күні елімізде Ассамблеяның 20 жылдығына байланысты ресми түрде іс-шаралар бастау алады. Бұл күні еліміздің барлық аймақтарында Ассамблея жылының туы көтеріледі. Солардың ішінде ерекше айтып кететін бір жоба бар. Ол — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылатын «Мың бала» байқауы. Бұл жобаның негізгі ұстанымы — Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдерінің 1000 баласын мемлекеттік тілге үйрету. Жобаға ақтөбеліктер де қатысуға ниет етіп отыр.

Биыл сәуір айында  өтетін «Қазақстан — достықтың мекені» атты

І республикалық этникалық мәдениет фестивалі де осы Ақтөбеде ұйымдастырылады. Бұл шараға ел аймақтарынан көптеген қонақтар шақырылады деп күтілуде. Сондай-ақ, Ассамблея жылына орай облыстағы этномәдени бірлестік өкілдері арасында ХVI облыстық «Халықтар достығы» фестивалін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналған мерекені өткізу де ұлттар назарынан тыс қалмайды. Этникалық шығармашылық ұжымдардың қатысуымен өтетін «Тарихқа ұмытылмас із қалдырған — Ұлы Жеңіс!», ел Конституциясының 20 жылдығына арналған «Достығым — мақтанышым» атты іс-шаралардың жобасы әзірленіп, оған дайындық шаралары басталып кетті. Осы жұмыстардың аясында оқушылар арасында «Менің елімнің тарихы» атты шығарма, сурет байқауларын өткізбекпіз.

Жылдағы дәстүр бойынша биыл да  әрбір ұлттық-мәдени орталықтардың күндері кең көлемде тойланады. Биыл облыстағы «Эллада» грек орталығының құрылғанына — 20 жыл, ал өзбектердің «Сагдиана» орталығы он жасқа толады. Ассамблея жылымен тұспа-тұс келген орталық мерейтойларын атап өтуді қыркүйек, қазан айларына жоспарлап отырмыз. Әрине, бұл шаралардың өз деңгейінде өтуіне ең бірінші кезекте біздің ұжым жауапты. Сондықтан биыл ұжымды үлкен жауапты істер күтіп тұр.

— Алдағы күндері облыста ұлттық-мәдени орталықтардың қатары көбеюі мүмкін бе?

— Әзірге бұл жайында нақты ешнәрсе айта алмаймын. Десек те, жыл сайын этномәдени бірлестік мүшелерінің саны көбейіп келеді.

Арайлым НҰРБАЕВА.

По сообщению сайта Ақтөбе газеті

Читайте также:


Комментарии запрещены.

Информационный портал Аkimataktobe.kz

Статистика
Яндекс.Метрика Рейтинг@Mail.ru